БҰЛ ЖЕРДЕ КӨЗ ЖАСЫН ТӨГУ ПАЙДА БЕРМЕЙДІ
Бір күні Аллаһтың елшісі ﷺ Жәбрейілден (әләйһиссәләм) жәһәннам жайында айтып беруін сұрайды. Жәбірейіл (әләйһиссәләм) ұзақ уақыт жәһәннам туралы айтып береді. Жәһәннамда болатын корқынышты жағдайларды естіген Аллаһтың елшісі ﷺ денесі түршігіп, есінен таңып қалады. Есін жиып өз-өзіне келгенде Жәбірейілден (әләйһиссәләм):
- Ей Жәбірейіл осындай қорқынышты жерге менің үмметім кіреді ме? — деп сұрайды. Жәбірейіл (әләйһиссәләм):
- Ия, үмметіңнің ішінде үлкен күнә жасағандар жәһәннамға кіреді, — деп жауап береді.
Бұны естіген Аллаһтың елшісі ﷺ көз жасын тыя алмай, қатты жылайды. Осыдан кейін бөлмесіне қамалып, адамдармен жолығуды қояды. Сыртқа тек намаз үшін ғана шығатын болады. Үш күн өткен соң Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) Расулуллаһтың ﷺ есігінің алдына келіп:
- Расулуллаһпен көрісуге болады ма екен? - деп дауыстайды. Бірақ, күткен жауабын ала алмаған Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) көзіне жас алып кері қайтады. Кейін Хазіреті Омар (радиаллаһу әнһ) келеді. Олда ешқандай жауап ала алмай, көзіне жас алып кері қайтады. Кейін Аллаһтың елшісінің ﷺ үйіне Сәлман Фариси (радиаллаһу әнһ) келеді. Ол да күткен жауабын ала алмаған соң көзіне жас алған бойда Хазіреті Алидің (радиаллаһу әнһ) үйіне қарай бет алады. Болған жағдайды оларға айтып береді. Мұны естіген Хазіреті Фатима (радиаллаһу әнһә) аласұрып, Расулуллаһтың ﷺ үйіне қарай жүгіре жөнеледі. Хазіреті Фатима (радиаллаһу әнһә) есіктен кіре бере әкесінің жылай, жылай жүзінің солғын тартып, көзінің айналасының үңірейіп қалғанын көреді де одан:
- Әкешім! Не болған сізге? — деп сұрады.
Расулуллаһ ﷺ:
- Уа Фатима! Жәбірейіл (әләйһиссәләм) маған жәһәннам жайында айтып берді. Үмбетімнің ішінде үлкен күнә жасағандардың жәһәннамға тасталатындығын айтты. Мені қайғыға түсіріп, жылатқан нәрсе осы еді, — деп жауап береді.
Сосын Хазіреті Фатима (радиаллаһу әнһә) күнәһар мүминдердің жәһәннамға қалай кіретінін сұрады.
Расуллуллаһ ﷺ:
- Күнәһарлар жәһәннамға қарай жетектеліп бара жатқанда «Уа Мұхаммед!… Уа Мұхаммед!…» деп, айқайлай бастайды. Бірақ, жәһәннамның қақпасына жақындап, сол жердегі қызметші періштелерді көргенде менің есімімді ұмытып кетеді.
Қызметші періштелер олардан:
- Сендер кімсіңдер? — деп сұрайды.
- Біз өздеріне Құран Кәрім түскен және Рамазан айында ораза ұстағандармыз - деп жауап береді.
Қызметші періштелер:
- Құран Кәрім Мұхаммедтің ﷺ үмбетіне түскен – деп, айтады. Сол кезде олар менің есімімді естеріне қайта түсіріп:
- Біз Мұхаммедтің ﷺ үмбетіміз — деп жауап береді.
Қызметші періштелер:
- Аллаһтың әмірлеріне бағынбаған құлдардың ақиретте жағдайлары қандай болатындығын білдіретін Құран Кәрім аяттарынан хабарларың жоқ па еді? – деп сұрайды. Олар:
- Хабарымыз болған. Бірақ, олардан ғапыл қалып, шайтанның артынан ердік,- деп жауап береді. Олар бастарына келген жағдайға қатты өкініп, қайғырады. Сол жерде ұзақ уақыт көз жастарын төгіп, жылайды. Жылай, жылай көздерінде жас қалмаған соң, жастың орнына қан аға бастайды.
Кейін қызметші періштелер оларға:
- Бұл жерде босқа жылап жатырсыңдар. Егер дүниеде жүргенде осылай жылағандарыңда ғой пайдасы тиер еді және қазір мына жерде жыламаған болар едіңдер, – дейді.
Содан кейін періштелерге «Оларды жәһәннамға лақтырыңдар!» деген бұйрық келеді.