МЕН ҚАЛАЙ ОРАМАЛ ТАҚТЫМ?
Әркім орамалға әрқалай келеді. Бір қыздарды білемін, намаз бастай сала орамал тағып жатты. Енді бір қыздарды білемін, намаз бастаған соң араға уақыт салып барып, шариғат шәлісін жамылды. Мен де осы соңғы қатарға жатсам керек. Орамалға келуім оңай бола қойған жоқ. Оған кезінде түрлі себептер айттым. Мүмкін сылтаулар шығар...
Мен үшін ең үлкен уайым қоғам да емес, жұмыс та емес, басқа да емес, әкемнің көзқарасы болды. Өйткені, мен намаз бастағанға дейін әкем екеуміздің пікіріміз екіге бөлініп көрген емес еді. Әрқашан ойымыз бір жерден шығатын. Тек намаз бастағанда: “Мен сені Алматыға намаз үшін емес, оқу үшін жібергенмін. Оқуыңды оқы”, - деді. Сосын “Намаз бастадым дегенше, ертең орандым десеңші” деп тағы бір қойды. Дәл сол сәтте мен үшін намазға рұқсаты маңызды болды да “Жоқ, папа. Намаз оқысам болды. Орамал дегенді аузыма алмаймын”, - дедім. Папам күмәндана “Оның бәрі этаппен келетін дүние ғой. Түптің-түбінде ол әңгімені де бастарсың”, - деді күбірлеп. Шыны керек, сол кезде әкемнің әріден ойлап тұрғанын түсінбедім. Намазға рұқсат алғаныма мәз болдым.
Арада жылдар өтті. Иман толықты. Діни білім өсті. Орамалдың қыз баласына парыз екенін білгеннен кейін, жан дүниеммен толық түсінген соң “шариғат шәлісін” (Әуезов) жамылуды ойладым. Бірақ әкеме берген баяғы сөзім ойымнан кетпеді. Қатты қиналдым. Әкемнің де жүрегін ауыртқым келмеді. Алла тағаланың алдындағы міндетімді де ойладым. Өзімді Құдайдың алдында екіжүзді сезінбеген күнім жоқ шығар... Бар қолымнан келгені Алладан дұға ету болды. Әкем мені түсінсе, намазға келсе деп тілей бердім. Ауылға барған сайын діни кітаптарды көптеп апарып, қалдырып кететінмін. Өйткені, әкем кітап оқығанды қатты жақсы көреді. Бірде болмаса, бірде оқып қалар деген ой ғой менікі. Тағы бірде әкеме Шәкәрім туралы жазған диссертациямды қалдырып кеттім. Сөйтіп, ауылға бір барғанымда әкем диссертациямды оқығанын, қатты әсер еткенін, енді кабинетіне Шәкәрімнің өлең кітаптарын алдырып, соны оқып жатқанын айтты. Толстой туралы да біраз ой толғадық. Олардың нәпсісін жеңу жолындағы күрестері, діни көзқарастары әкеме әсер еткен болып шықты. Ақылды адам ғой, ал ондай жан түптің түбінде ақиқатты табады емес пе?
Ақыры не керек, сол жолы арамызда бұл туралы әңгіме болмаса да әкемнің менің орамалымды қабылдауға дайын екенін ұқтым. Көп кешіктірмей, орамалымды бірден тағып алдым. Енді ол кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ең бастысы, жүрегім тыныштық тапты ғой...
Содан бері өмірімде орамалдың көп пайдасын көрдім. Ол - бөлек бір посттың жүгі. Кейінірек жазармын.
Ал бүгінгі жазбама осы әлеуметтік желіде орамал туралы күнде болып жататын айтыс-тартыс себеп болып тұр. Орамалды аруларды жиі кінәлайтын жандар бұл қадамға біздің де оңайшылықпен бармағанымызды білсе деймін. Арғы Айғаным, Зере, Ұлжанға бармай-ақ қояйық, бертінгі Бейімбет пен Бердібектің Кеңестік кезең келіп, басындағы орамалын қинала шешетін, көйлегінің етегін қысқартпауға барын салатын кейіпкерлері естеріңізде шығар?! Біздікі де сол аналарымыз секілді ар-ұятымыздың жолындағы кішігірім күрес қана...